Микро және шағын бизнес субъектілері салықтан 3 жылға босатылады


2020 жылы микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықты төлеуден 3 жылға босатылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Салық және кедендік әкімшілендіру» тақырыбында баяндама жасаған премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.


«2020 жылдың басынан бастап, арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықты төлеуден 3 жылдық мерзімге босатылады. Жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнімдерді өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары босатылмайды», - деді ол.


Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілеріне 3 жыл мерзімге тексеру жүргізуге мораторий енгізіледі. Кедендік тексеру, қарама-қарсы салық тексеру, қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатқан және салық төлеушінің өтініші бойынша өзінің қызметіне қатысты тексерулер алып тасталынады.


«Cонымен қатар микро және шағын бизнес субъектілеріне онлайн-ККМ және POS-терминалдарды міндетті түрде қолдануды, кірістер мен шығыстар жеңілдетілген есебін кезең-кезеңімен енгізуді, салық есептілігін ұсынуды қамтамасыз ету қажет», - деді Смайылов.