Алматыда жалған сот жұмыс істеген


Алматы қаласында жалған сот жұмыс істеп келген. Қала прокуратурасы заңсыз соттың қызметін тоқтатты, деп хабарлады бақылау органының баспасөз қызметі.


"Алматыда азаматша А. "Әділет "халықаралық төрелік соты" толық серіктестігін құрып, сот төрелігін заңсыз жүзеге асырған. Ол билік өкілі статусын өз еркімен алып, Қазақстан Республикасының атынан әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істер бойынша шешім шығарып отырған (фирмалық бланкісінде мемлекеттік елтаңбаны және басқа да деректемелерді қолданған). Осылайша жалған сот заңсыз сот актілерімен азаматтарды жүргізуші құқығынан айырып, соманы өндіріп алып, тергеу изоляторынан адамдарды босатуға тырысқан", - делінген хабарламада.


Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының арызы бойынша қаланың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "Әділет "халықаралық төрелік соты" серіктестігінің қызметін тоқтатты.


Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 390-бабымен ("билік өкілі атағын өз еркімен беру") сотқа дейінгі тергеу басталды.


"ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібінде өзге ақпарат тергеу мүддесіне бюайланысты жариялануға жатпайды", - деп атап өтті Алматы прокуратурасындағылар.