Даниал Ахметовті алдаған мектеп директоры жұмыстан қуылды


ШҚО әкімі Даниал Ахметовті мектептің құрылыс жұмыстары бітті деп алдаған директор жұмысынан қуылды, деп хабарлайды Аltaynews.

 

Өткен аптада облыс әкімі Даниал Ахметов Согра шағын ауданындағы №23 мектепке жұмыс сапарымен барған. Ол сапары барысында мектеп жанынан салынып жатқан қосымша ғимараттың құрылысымен танысты. Мектеп директоры ғимараттың құрылысы аяқталып, қазіргі уақытта сабақ жүргізіліп жатқанын айтқан.



Алайда ата-аналар жаңа корпустың құрылысы әлі аяқталмағандығын айтып облысқа шағымданған.


«Тапсырмам бойынша тексеру жүргізілді. Өкінішке қарай, жаңа корпуста ешкім оқымайтындығы анықталды. Ал ғимарат расымен-ақ әлі қолданысқа берілмеген. Нысанның мерзімінде өткізілмеуі және біле тұра жалған ақпарат беруі себепті аталмыш мектеп директоры қызметінен босатылды. Ал облыстық білім басқармасының басшысына сөгіс жарияланды», – деп жазды бұл жәйтқа байланысты Даниал Ахметов өзінің Facebook парақшасында.