Қорғаныс министрлігі депутаттың дүнгендер жайлы сөзін жоққа шығарды


ҚР Қорғаныс министрлігі мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлтың "бірде-бір дүнген қазақ әскерінің қатарында қызмет етпейді" деген сөзін жоққа шығарды.


Министрліктің мәліметінше, қазір дүнген ұлтынан 40-қа жуық сарбаз әскери борышын өтеп жатыр. Және әскерге шақырылушыларды іріктеу кезінде олардың ұлты емес, тән саулығы, психологиялық және моральдық орнықтылығы басты өлшем ретінде қарастырылады.


"Әлеуметтік желілерде тараған дүнгендердің әскери қызметтен бас тартатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстанда дүнген ұлтынан 40-қа жуық сарбаз мерзімді әскери қызметін атқарып жатыр. Жалпы 2019 жылы 30 мыңнан астам сарбаз шақырылды, оның ішінде қазақтар, орыстар, татарлар, немістер, украиндар, ұйғырлар, өзбектер және басқа ұлт өкілдері бар", - деп хабарлады қорғаныс министрлігі.


 

"Дұңғандардың балаларының бірде біреуі Қазақстанның Қарулы күштеріне бармайды, әскери борышын өтемейді. Наным-сенімі солай. Осыған орай құқық қорғау органдарына нақты талап қойдық: егер сол жігіттері ерігіп, есіріп, өзгеге қол көтерсе, басынса, құқық пен тәртіпке қарсы әрекет қылса, қатаң жазалау керек. Қолы артына қайырылып, кісен салынып, түрмеге тоғытылсын. Елге қорған болмай, қорлаушы болса, торда отырсын",-деп жазды депутат.
Holanews.kz