Коронавирус: Бес ел бас тартқан лайнерді Камбоджа қабылдады


Камбоджа билігі «Westerdam» круиздік лайнерін қабылдады. Лайнер бортында коронавирус жұқтырған адамдар болуы мүмкін деген күдікпен бірнеше күн бойы Азияның әртүрлі порттарында байлаулы тұрған еді, деп хабарлайды Kyodo агенттігі.


Бұған дейін Holland America Line кеме операторы өз бортында коронавирус жұқтырғандар жоқтығын бірнеше рет мәлімдегенмен, лайнерді Жапония, Гуам, Филиппин, Таиланд және Тайвань елдері қабылдаудан бас тартқан еді. 


Бортында 1455 жолаушы мен 802 экипаж мүшесі бар «Westerdam» кемесі бейсенбі күні Камбоджа үкіметі рұқсат бергеннен Сиануквиль портына тоқтады. Кемедегі барлық жолаушыларға медициналық тексеру жүргізілді.


Камбоджа денсаулық сақтау министрі Мам Бунхенганың айтуынша, ауырған 20 жолаушыдан алынған сынама COVID-19 коронавирусына теріс нәтиже берген.


Holanews.kz