Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина әзірлей ме?


Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елде коронавирусқа қарсы вакцина әзірлене ме деген сұраққа жауап берді.


«Қазақстан Үкіметі үшін негізгі мақсат – инфекцияның кірмеуі және таралмауы болып отыр. Сондықтан, негізгі қаражат халық пен медициналық қызметкерлерді, шекарашыларды қорғауға бағытталған. Одан бөлек, коронавирус күдігі бар пациенттердің барлығын жеткілікті түрде тексеріп, дәрілік заттар қорын жасау үшін диагностикалық технологияларға мән берілген», - деді Е. Біртанов.


Министрдің айтуынша, Білім және ғылым министрлігі мен оған бағынышты ғылыми орталықтар осындай вакцинаны әзірлеуге дайын екендіктерін хабарлаған. Алайда Біртанов бұл қиын технологиялық процесс екенін түсіндірді.


«Біздің елімізде вакцина жасау бойынша жақсы тәжірибе бар. Бұл жағдайда сәйкес ғылыми орталықтарда белгілі бір жұмыстар бар. Алайда, мұның қиын технологиялық процесс екенін түсіну қажет және барлық халықаралық ғылыми орталықтармен үйлестірі жүмыстарын жүргізу керек. Қазір вакцина жасау бойынша өзге елдердің ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», - деді ол.


Біртановтың сөзінше, мұндай вакцина шығарылса, өте сапалы және қауіпсіз болуы керек. Екіншіден, халыққа қолжетімділігі ескеріледі. 

Holanews.kz