Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Қордай" бекеті жабылады


Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Қордай" автокөлік өткізу бекеті жөндеу жұмыстарына байланысты 20 ақпаннан бастап жабылады, деп хабарлайды ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі.


Бекеттің қайта қалпына келтіру жұмыстары қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.


"20 ақпаннан бастап қазақстандық тараптан "Қордай", ал қырғызстандық тараптан "Ақ жол" өткізу бекеті жабылады. Ол жерде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз", - деді шекара қызметі баспасөз қызметінің басшысы Қанатбек Сұлтанов.


Екі елдің азаматтарына күн сайын таңғы 06.00-ден түнгі 00.00-ге дейін шекарадан жаяу өтуге рұқсат етіледі. Алайда олар тек қол жүгін алып өте алады.


Жөндеу жұмыстарынан кейін "Қордайда" ұзын-сонар кезек азайып, қазақстандықтар үшін шекарадан өту жеңілдей түспек. "Қордай" автокөлік өткізу бекеті Жамбыл облысы Қордай ауданы Қордай ауылдық округінің аумағында орналасқан.


Қазір екі ел арасында 11 автокөлік өткізу пункті бар. Олардың бесеуі – көпжақты халықаралық, ал алтауы – екіжақты.

Holanews.kz