Наурыз мерекесіне арналған шаралар мен әскери парад өтпейді


Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесіне арналған шараларды және әскери парадты өткізбеу жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.


«Мемлекет басшысы елімізде коронавирустың таралуына жол бермеуге байланысты Наурыз мерекесіне арналған қоғамдық шараларды және елордада Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадты өткізбеу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар бұған дейін жоспарланған халықаралық форумдарды кейінге шегеруді тапсырды. Дегенмен шағын және орта бизнес жұмысын жалғастыра беруі тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы шектеу шаралары олардың жұмысына кедергі келтірмеуі керек екенін атап айтты. Ірі кәсіпорындар да үздіксіз жұмыс істей береді»,- делінген хабарламада.


Сондай-ақ, Берік Уәли Мемлекет басшысы жағдайды ұдайы бақылап отырғанын жеткізді.


«Бүгін Президент коронавирус пандемиясына қарсы күрес мәселесі жөнінде бірқатар мемлекеттік орган басшыларымен шұғыл кеңес өткізді. Жағдай Мемлекет басшысының ұдайы бақылауында»,-деп жазды ол.


Сондай-ақ, премьер-министрдің орынбасары коронавирустың таралу қаупіне байланысты той-томалақты кейінге шегеру керектігін айтты.


«Үйлену тойы, туған күн мен мерекелер - өте маңызды, бірақ денсаулық одан да маңызды мәселе. Мұндай шараларды өткізгісі келген адам жақсылап ойлануы керек. Әсіресе біз көп қонақ шақырып той өткізгенді жақсы көреміз. Шақыратын қонақтардың санын барынша қысқарту керек. Мұндай шараларды кейінге шегеріп тастаса тіптен жақсы», - дейді Ералы Тоғжанов.




Holanews.kz