Жоғары оқу орындары онлайн оқытуға дайын ба


Коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдайға арналған баспасөз конференциясында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн оқыту форматына барлық университеттің дайын екенін айтты.


"Қашықтан оқыту форматына көшуге барлық университеттің қауқары толығымен жеткілікті. Жалпы біздің еліміздегі университеттер үлкен қалаларда орналасқан, сондықтан барлық жерде техникалық және интернет жылдамдығы жағынан мүмкіндік бар«, - дейді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.


Ол орта білім беру мекемелеріне де тоқталып өтті.


"68 мектепте мүлдем интернет жоқ. Бұл мәселелер бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз, бірақ колледждер мен ЖОО-ларда қашықтан оқуға толық мүмкіндік бар. Біз 1,5-2 ай бұрын осы бойынша жұмысты бастап кеткен болатынбыз. Тесттен өткізіп, қашықтан жұмыс жасай алатындарын анықтадық", - дейді ол.


Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов ақылы ұлттық бірыңғай тестілеудің кейінге шегерілгенін мәлімдеді.


"Бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеу жылына төрт рет өткізіледі. Кезекті ақылы ҰБТ наурыздың соңында өткізіледі деген жоспар болған. Біз осы тесті кейінге қалдырдық. Ал жазғы ҰБТ шегеріле ме, жоқ па, оған дейін әлі уақыт бар. Бәрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Жақындағанда нақты шешім шығарамыз", - деді Аймағамбетов арнайы баспасөз мәслихатында.








Holanews.kz