Қазақстан коронавирус жұқтырған елдерге баруға тыйым салды


Қазақстандықтарға коронавирус таралған елдерге баруға және өтіп жатқан спорттық, мәдени және туристік іс-шараларға қатысуға тыйым салынды.


"Инфекцияны әкелмеу мақсатында бүгіннен бастап шаралар қабылдануы керек. 1А және 1Б, 2 және 3 категориядағы елдерге халықаралық бағыттарды шектеу керек. 1А және 1Б, 2 және 3 категориядағы елдерде өтетін халықаралық спорттық, мәдени, туристік іс-шараларға баруға тыйым салынады", - деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.


Айта кетейік, 1 А категориясындағы елдерге Қытай, Иран, Оңтүстік Корея және Италия, 1 Б категориясындағы елдерге Франция, Германия және Испания кіреді. Ал екінші категорияға Швейцария, Ұлыбритания және Нидерланд, үшінші категорияға Бельгия, Швеция, Норвегия, Үндістан, Ирак, Филиппин және АҚШ кіреді.


Сондай-ақ, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев коронавирустың таралу қаупі төніп тұруына байланысты жолға шықпай қалғандардың билеттерін әуе компаниялары ешқандай айыппұлсыз қайтарып береді.


«Бүгінгі күні біз әуе рейстерін тоқтатып отырған жоқпыз, қысқартып отырмыз. Мысалы, Нұр-Сұлтан - Ыстанбұл бағыты бойынша 30 рейс 6 рейске қысқарды. Бізде авиациялық әкімшілік құрылған. Ол жерде тәулік бойы байланыс нөмірлері жұмыс істейді. Жолға шықпай қалғандардың билеттерін әуе компаниялары ешқандай айыппұлсыз қайтарып береді. Ал билетті басқа күнге ауыстыру қажет болса, ол жағы да қарастырылған», - дейді ол.


Holanews.kz