Абаев "президент ауысады" деген сыбысқа жауап берді


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысында президент ауысады деген қауесеттің шындыққа жанаспайтынын айтты.


Осыған дейін коронавирусқа қарсы шараларды күшейтуге байланысты мәселемен бірге әлеуметтік желіде 18 наурыз күні президент ауысады деген сыбыс тарай бастаған еді.


Мәжіліс кулуарында "Қазақстанда бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасының таныстырылымынан кейін журналистер Дәурен Абаевқа аталған мәселеге қатысты сұрақ қойды.


"Күн тәртібін қазір нақты айта алмаймын. Ал сіздер айтып тұрған әңгімеге келер болсақ, мен ақпарат министрі ретінде бұл сөзді жоққа шығарамын", - деді Абаев. 


Бұған дейін Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия саяси кеңесінің отырысы 2020 жылдың 18 наурызында өтетінін жариялаған болатын. 


Айта кетсек, әлемде коронавирустың кеңінен таралуына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі өзгерді. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, бүгінде әлем бойынша сан алуан келіссөздер, сапарлар, екіжақты және көпжақты кездесулер өтпейтін болды.


Қазақстан да бірнеше халықаралық шараны кейінге шегерді. Соның ішінде Дүниежүзі сауда ұйымының министрлер кездесуі де бар.


Еске сала кетейік, 12 наурыз күні Дәурен Абаев "Қазақстанда бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасын мәжілісте таныстырған болатын.

Holanews.kz