Қаржы пирамидасына алданғандар Тоқаевқа хат жолдады


"Қаржылық топтарға алдандық" деген тұрғындардың наразылығы. Ақтөбе, 15 наурыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Сурет: Азаттық


Бүгін «Гарант 24», «Выгодный займ», «Эстет Ломбард» қаржы компанияларына берген ақшаларын қайтара алмағанына наразы салымшылардың бастамашыл тобы Нұр-Сұлтанда жиналып, Қазақстан президенті әкімшілігінің кеңсесіне хат тапсырды, деп жазады Азаттық.


Бастамашыл топты полиция бақылап жүрді.


Өзін салымшыларды қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық комитет үйлестірушісімін деп таныстырған Жанар Дәулетова бастамашыл топты полиция таңнан бері бақылап, үйден шығармай отырғанына шағымданды.


"Хатымызды президент әкімшілігінің кеңесіне тапсырғымыз келген. Салымшылар мәселесіне үкімет пен парламент араласпаса болмайды", - дейді ол.


Шымкент, Тараз, Оралдан келген бастамашыл топ өкілдері салымшылардың кейбірі көлігін, кейбірі пәтерін сатып, қаржы компаниясына салғанын айтады.


Жанар Дәулетованың айтуынша, салымшылар мәселесімен айналысатын қоғамдық комитеттің 25915 адамға жүргізген сауалнамасы барысында олардың 23 миллиард теңгеден астам шығын шеккенін көрсеткен.


«Ақшаларынан айырылған жас келіншек тамырын кесіп, екі кішкентай баласы жетім қалды. Жетісайдың 49 жастағы тұрғыны 2 наурызда өзіне қол салды», - деп жазылған Тоқаевқа жіберілген хатта.


Кейіннен бастамашыл топ өкілдері полиция бақылауымен президент әкімшілігіне хат тапсырғанын хабарлады.


Бұдан бұрын Қазақстанның бірқатар қалаларында қаржы ұйымдарына алданғандар биліктен мәселелерін шешіп беруді талап еткен болатын.


Бүгін Ақтөбеде қаласында салымшылар наразылық білдірген. Жексенбіде Қызылордада бір топ салымшы «Гарант 24 Ломбард» жетекшілерінің бірінің үйіне барып, ақшаларын қайтаруды талап еткен.


Ақпан айының соңында ішкі істер министрлігі «Гарант 24 Ломбард» компаниясы құрылтайшысының Кишиневте ұсталғанын, оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын.

Holanews.kz