Кәсіпкерлер несиесін 90 күнге дейін төлемей, кейінге шегере алады


Қазақстанда төтенше жағдай кезінде несиесін төлей алмай, оны кешіктіргендерге айыппұл есептелмейтін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрі Асқар Мамин айтты.


«Төтенше жағдай кезінде несиесін төлей алмаған қарыз алушыларға айыппұл есептелмейді. Банктер кәсіпкерлерге төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін жасауы керек. Отандық бизнес бірдей шарттармен қосымша қаржылық жүктемесіз қолданыстағы бағдарламалардың жеңілдікті қолдау шараларын пайдаланады», - деді Үкімет басшысы.


Үкімет басшысының айтуынша, ішкі сұраныс пен ұсынысты ұлғайтуда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың әлеуеті мол. Осыған орай агроөнеркәсіп кешені саласында кредиттеудің жаңа тетігі енгізіледі. 


Сонымен қатар, банктер мен микроқаржы ұйымдары қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпкерлер үшін қарыз төлемін 90 күнге дейін шегеруі тиіс.


«ҚР банктер және банк қызметі туралы заңының 34-бабының 3-тармағына және микроқаржылық қызмет туралы ҚР заңының 3-бабының 6-тармағына сәйкес кредиторлар шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсартқан жағдайда оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Осыған орай банктер және микроқаржылық ұйымдар төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған жеке кәсіпкерлер мен ШОБ субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда төлем мерзімін 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізуі тиіс», - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова.
Holanews.kz