Назарбаева: Арандатушылар – коронавирус сияқты біздің дұшпанымыз


Сенат төрағасы Дариға Назарбаева елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады.


Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде қауесет пен жалған ақпарат таратуға үзілді-кесілді тоқтау салу керек. 


"Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев енгізген төтенше жағдай уақытылы және қажетті шара. Біздің ортақ мақсатымыз – коронавирус инфекциясының таралуымен күресу, оның Қазақстан экономикасына және адамдардың өміріне теріс ықпалын болдырмау. Барлық мемлекеттік қызмет, әкімдіктер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықты барлық қажетті затпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешуге жұмылдырылған", - деді сенат төрағасы.


Ол қазіргі уақытта медицина қызметкерлеріне барынша көмек пен қолдау көрсету қажеттігін айтты. Адамдардың өмірі мен денсаулығы олардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты болмақ.


"Біз құқық қорғау органдарының әрекеттеріне және төтенше жағдайлар кезіндегі азаматтардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне  байланысты шектеулерге түсіністікпен қарауымыз керек. Мемлекеттік органдардың міндеті – пандемия және онымен күресу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы ақпараттың барынша ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ету. Үрейлі көңіл күй, қауесет пен жалған ақпарат таратуға үзілді-кесілді тоқтау салу керек. Дүрліктірушілер мен арандатушылар – коронавирустың өзі сияқты біздің дұшпанымыз", - деп толықтырды спикер.


Оның пайымынша, пандемиямен күресудегі біздің ортақ жетістігіміз, бірінші кезекте, бүкіл қоғамның, еліміздің барлық азаматының, біздің, қазақстандықтардың жауапкершілік ұстанымына байланысты болмақ. Тыныштықты, тәртіпті, гигиенаны сақтау, оқшаулану, өзіңізге және жақын адамдарыңызға қамқорлық жасау - вируспен күресудің басты құралы.


"Бүгін бәрімізге ынтымақтастық және өзара жауапкершілік пен көмек қажет. Өзіңізді және жақын адамдарыңызды күтіңіздер. Бәріміз бірге жеңеміз!". – деп түйіндеді Назарбаева.
Holanews.kz