Пандемия кезінде қолма-қол ақшаны пайдалануға бола ма


COVID-19 вирусының пандемиясына байланысты есеп айырысу кезінде қолма-қол ақшаны пайдалануға бола ма? Бұл сұраққа ҚР Ұлттық банкінен жауап берді.


Ұлттық банк мәлімдегендей, COVID-19 вирусының таралу ықтималдығына қатысты түсініктеме беру банк құзыретіне жатпайды.


«Әйтсе де қолма-қол ақшаны пайдалануға байланысты қауіп – есіктің тұтқасын, несие картасын немесе мобильді телефонды ұстап, пайдалану қаупінен жоғары еместігіне назар аудартамыз. Біз қолымызбен күнделікті ұстайтын қаншама зат бар. COVID-19 вирусы жұққан банкноттың айналымға түсу ықтималдығы төмен. Ең бірінші кезекте банкнот ұзақ уақыт бойы инкассацияда сақталады. Ұлттық банктің ішкі нормативіне сәйкес, екінші деңгейлі банктерден түсетін қолма-қол ақша қайта есептелгенге дейін 45 күн бойы, ал есептелгеннен кейін 1 жылға дейін ашылмай жатуы мүмкін», - дейді Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов.


Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, қазір «вирустың зат бетінде тұрақты сақталуы туралы мәлімет жоқ». Коронавирустың өміршеңдігі бірнеше факторға, атап айтқанда салыстырмалы температура мен ылғалдылыққа, сонымен бірге заттың беткі материалына байланысты болады.


«Қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін кассалық жұмысшылардың жұмысын ескере отырып, дәл осы санаттағы азаматтарға қолды жиі жууға кеңес беріледі. Олар ДДҰ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі берген кеңестерді сақтауы керек. Байланыссыз төлем жолдары арқылы вирустың таралу ықтималдығы төмен. Дүкендер мен дәріханаларда, онлайн саудада қолма-қол ақшасыз төлеммен есеп айырысуға кеңес береміз. Бұл байланыстың саны мен деңгейін төмендетіп, коронавирустың таралуына жол бермейді», - дейді Қажымұратов.
Holanews.kz