Бейбіт жиындар туралы заң жобасына өзгерістер енгізіліп жатыр


Саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров «ҚР-да бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы қалай жетілдіріліп, құжатқа қандай өзгерістер енгізіліп жатқанын айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.


«Бұл заң жобасының ең алғашқы және қазіргі нұсқасының арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей нұсқауы бойынша 250 адам жөніндегі шектеу алынып тасталған болатын. Мәжіліске түскеннен кейін бұл заң либерализация жағына өзгеріп жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл мәселемен тікелей айналысуда», - деді Ерлан Саиров.


Саясаттанушының айтуынша, заң жобасында журналистерге қатысты шектеулер барынша алынып тасталған. Сонымен бірге митингтің өтетіні жайлы билікті құлақтандыру мерзімі 15 күннен 10 күнге дейін қысқарды. Пикеттерді өткізуді де либерализациялау мәселесі кеңінен пысықталуда.


«Ұлттық кеңестің мүшелері депутаттарға бұл заңның тәрбиелік мәні және осы заңды қолданушыларға ыңғайлы ету жағын да қарастыру туралы өтініш айтты. Кеше заңды әзірлеуші мүшелер – Евгений Жовтис, Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов, өзім бар депутаттармен тағы бір рет онлайн-конференция өткіздік. Менің ойымша, қазіргі таңда заңның қарастырылуы – бүгінгі қоғамдық тенденцияға сәйкес келеді», - деді ол.


«Біз АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустралия, Жапония, Сингапур, Швеция және Ресей сияқты елдердің осы аталған саладағы заңнамаларын мұқият зерделедік. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әлемнің көптеген елдері бейбіт митингіні ұйымдастыру және өткізуде басты басымдықты қоғамдық қауіпсіздікке береді. Біз қоғамдық пікірді, соның ішінде әлеуметтік желілерді зерделедік, әлеуметтік зерттеулер жүргіздік», - деді Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі.


Заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталған министр, біріншіден, заңнамаға бейбіт жиналыстардың базалық қағидаттарын енгізу қамтылғанын айтты. Осы орайда зорлық-зомбылықсыз сипат; заңдылық; мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету; қатысу еріктілігі ескерілген.


«Екіншіден, заң жобасына түсінік аппаратын енгізу. Қазіргі қолданыстағы заңның кемшілігінің бірі – бейбіт жиналыс нысандары нақты регламенттелмеген. Осыған байланысты заң жобасында түсінік аппаратын енгізу ұсынылады. Бұл митинг, пикеттеу, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдарды қалыптастыруға және оларды өзара ажыратуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Абаев.


Оның атап өтуінше, құжат нормасы бейбіт жиналыстарға қатыса алатын және оларды ұйымдастыратын тұлғаларға қойылатын талаптарды айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар мен қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты анықталған. Бейбіт жиналыстар өткізуге ыңғайлы болуы үшін ұйымдастырушылар мен журналистерге арналған ерекше белгілер қабылданады.


«Заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның, жергілікті өкілді органдар мен жергілікті атқарушы органдардың құзыреті көзделген», - деді ведомство басшысы.


Құжатта бейбіт жиналыстарды мамандандырылған орындарда ғана өткізу қарастырылған. Сонымен қатар, бүгінгі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.

Holanews.kz