Қарағанды облысында 232 млн теңге жымқырған бөлім басшысы 10 жылға сотталды


Қарағанды облысы Шахтинск қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы және екі кәсіпкер аса ірі көлемде қаражат жымқырды деп айыпталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров онлайн брифингте айтты.


«Қарағанды облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Шахтинск қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» ММ басшысы М.С. Әлиевке және «Байтас ХХI» ЖШС менеджерлері Цой А.Д. және Хан Д.П. қатысты жемқорлық қылмысы жөніндегі сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Олар 232 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқыру күдігіне ілінген еді. Ал кәсіпкерлер бюджет қаражатын жымқыру бойынша бұрын қозғалған қылмыстық істерді тоқтату үшін лауазымды тұлғаларға 40 мың доллар көлемінде пара беруге әрекеттенген», - деді Данияр Бигайдаров.


18 наурызда Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының үкімімен: М. С. Әлиев 10 жылға, А. Д. Цой мен Д. П. Хан тиісінше 8 жылға бас бостандығынан айырылды.


«Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», - деп толықтырды Бигайдаров.


Holanews.kz