Қордайдағы үйлерді жөндеуге кімдердің қаражаты жұмсалады


Ақпан айында Қордайда болған қайғылы оқиға кезінден бүлінген тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жақында басталады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарында 40 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан мен 5 шаруашылық құрылыстары өртенген. Барлық жұмыстар «Щивон» қайырымдылық қоры жинайтын демеушілік қаражат есебінен жүргізіледі.


Өрттен зардап шеккен 39 отбасына облыстық резервтен жалпы сомасы 20,6 миллион теңге қаражат бөлінді.


Мемлекеттік материалдық резервтен тұрғын үй-жайларды қалпына келтіру үшін 26 тонна арматура, 16 750 м2 жабын материалы, 400 м3 ағаш бөлінген.


Ал ішінара зақым алған жылжымайтын мүлік нысандары демеушілік қаражат есебінен қалпына келтірілген. Зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қорларына 22,5 млн теңге түскен.


Қайтыс болған азаматтардың тоғыз отбасына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалған. Сонымен қатар, қаза тапқандардың отбасыларына жалпы сомасы 8,2 миллион теңгеден астам қаржының демеушілік көмегі көрсетілген.


Ал зақымдалған көлік иелеріне төленетін өтемақы көлемі қылмыстық істерге қатысты тергеулер аяқталғаннан кейін анықталады.


Жалпы, 11 ақпан мен 20 наурыз аралығында зардап шеккен отбасыларға 121,6 тонна көлемде гуманитарлық көмек көрсетілген, олардың ішінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, ыдыс-аяқ, гигиеналық және басқа да қажетті бұйымдар бар. Қазір аудандағы ахуал тұрақты.

Holanews.kz