Алматыда құстардың қырылуының алдын ала себебі анықталды


Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында құстардың қырылып қалу себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрды. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жазды.


Бүгін Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар саябағында құстардың қырылып қалу себебін анықтау үшін Алматы облысы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бастамасымен арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының, Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының, Зоология институтының және Көгалдандыру бөлімінің өкілдері бар.


"Комиссия бұған дейін мұз айдыны болған 100 шаршы метр аумақта 30 құстың қырылып қалғанын анықтады. Алдын ала болжам бойынша құстар уланғаннан қырылуы мүмкін. Комиссия қырылған барлық құстан анализ алып, ветеринарлық қызмет оларды лабораториялық зерттеуге іріктеді. Құстардың неден қырылғаны талдау нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады", - деп жазды Сәкен Ділдахмет.


30-ға жуық құс Панфилов саябағындағы қыста мұз айдыны болған орыннан табылды.


Естеріңізге сала кетсек, кеше әлеуметтік желілерде Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында қырылып қалған құстардың видеосы пайда болған.

Holanews.kz