Қазақстанда коронавирустан алғашқы адам өлімі тіркелді


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанда коронавирустан бір адамның көз жұмғанын хабарлады.


Бұл шұғыл брифинг, өкінішке қарай, бүгін коронавирустан Қазақстан азаматы - әйел адам қайтыс болды. Марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз, бұл - орны толмас қаза", - деді ол. 


Министрдің айтуынша, ертең қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қайтыс болған әйел туралы толық ақпарат береді.


"Осы оқиға коронавирустың қаншалықты қауіпті екенін көрсетіп отыр. Біз үшін бұл - үлкен сынақ. Биліктің оқшаулауға қатысты талаптарын орындап, төтенше жағдай мен карантинді сақтау қажет. Үйде болыңыздар, аман болайық", - деп толықтырды Абаев.


Осы орайда министр 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жаңа шектеулердің енгізілетінін еске салды.


"Бұл коменданттық сағат емес. Алайда төтенше жағдайдың барлық талабын сақтауды сұраймыз", - деп түйіндеді ол. 


Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 109 адамға жетті. Нұр-Сұлтан қаласында - 61 адам, Алматы қаласында – 40 адам, Қарағанды қаласында - 2, Шымкент қаласында - 2, Алматы облысында - 1, Ақтөбе облысында - 1, Жамбыл облысында -1, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам тіркелді.


16 наурыздан бастап Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Ал 19 наурыздан астана мен Алматы карантинге жабылған болатын. 

Holanews.kz