Катардан Қазақстанға 8,5 тонна гуманитарлық көмек келді


Кеше «Qatar Airways» әуекомпаниясының арнайы рейсімен Дохадан Нұр-Сұлтанға 8.5 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді, деп жазады Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты.


Оның ішінде жеке қорғану құралдары бар - жоғары сапалы N95 респираторлы медициналық маска, арнайы киім, қолғап, көзілдірік, халат және өзге де медициналық құралдар.


Көмек Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танидің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қатар тарапына гуманитарлық көмек үшін алғысын білдірді.


"Қатардың бұл игі әрекеті екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастың, сондай-ақ пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық күш-жігердегі ынтымақтастықтың көрінісі", - делінген хабарламада.


Гуманитарлық жүк медициналық мекемелер арасында одан әрі тарату үшін «СҚ-Фармация» ЖШС-на табысталады.

Holanews.kz