Алматыда карантин мерзімінде суға шомылуға тыйым салынды


Алматыда карантин мерзімінде өзен-көлдерде шомылуға тыйым салынады.Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, майор Бекболат Бұғабаев қауіпсіздік шаралары туралы онлайн брифингте айтты.


«Алматы аумағы бойынша 28 шағын өзен ағады, 26 су қоймасы бар. Қала әкімінің 2019 жылғы 9 шілдедегі бекітілген қаулысы бойынша соның 4-інде ғана шомылуға рұқсат етілген. Олар - Сайран көлінің батыс бөлігі Төлеби көшесінен оңтүстікке қарай 200 метр аралық, Сайран көлінің шығыс бөлігі Төлеби көшесінен оңтүстікке қарай 200 метр қашықтық, Д.Қонаев атындағы ҮАК бойында орналасқан Баум тоғайы жағажайында, Д.Қонаев атындағы ҮАК бойында орналасқан «Гүлдер» демалыс аймағында шомылуға рұқсат етілген», - деді Бекболат Бұғабаев. 


Карантин аяқталғанша бұл су қоймаларында шомылуға рұқсат жоқ. 


«ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 10 мамырдағы №36 бұйрығына сәйкес карантин жалғасып жаткандығын атап өткен жөн. Сондықтан, әзірше шомылуға рұқсат жоқ», -деді Бұғабаев. 


Аталған су қоймаларынан бөлек жерлерде шомылған адамдар әкімшілік жазаға тартылады. 


«Осы жерлерден бөлек су қоймаларында, тау өзендерінде шомылған адамдарға бірінші рет ескерту жасалады. Ол ескерту базаға тіркеледі, екінші рет сол адам қайта шомылса, 2 АЕК мөлшерінде, яғни 5556 теңге айыппұл төлейді», - деді спикер.
Holanews.kz